Қазақстанның өз автокөлігі 3–4 жыл ішінде пайда болуы мүмкін
Қазақстандық автоөндірушілер алдағы бірнеше жыл ішінде отандық автокөлік брендін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС директорының орынбасары Әділ Шайкемелов мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елімізде ұлттық автокөлік брендін құру отандық компаниялардың басты мақсаттарының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта Astana Motors пен Allur жұмыс жүргізіп жатыр, ал мемлекет өз тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайын.
Әділ Шайкемеловтің айтуынша, Allur компаниялар тобы автомобиль өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды жобаны іске асырып, халықаралық холдингтер мен әлемдік брендтермен келіссөздер жүргізуде.
«Бізде қазірдің өзінде платформа, бренд және инвестиция мәселелері бойынша нақты түсінік қалыптасты. Әзірге бұл туралы толық ақпаратты жарияламаймыз. Бірақ алдағы 3–4 жыл ішінде бүгін айтылып отырған қазақстандық өнімді көреміз деп ойлаймын», – деді ол.
Оның айтуынша, ұлттық автокөлік брендін жасау тек жаңа марканы әзірлеумен шектелмейді. Бұл үшін ел ішінде өндірістік базаны дамытып, автокөлік өндірісінің толық циклін қалыптастыру қажет.