Суға батқан төрт қызды құтқарған ММА спортшысы қаза тапты
Қырғызстанда төрт жасөспірім қызды құтқару кезінде аралас жекпе-жек (ММА) спортшысы Медет Жээнәлиев қаза тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Arasha.kz жазуынша, қайғылы оқиға Ыстықкөл жағасында болған. Демалыс кезінде спортшы суға батып бара жатқан төрт қызды байқап қалып, бірден көмекке ұмтылған. Куәгерлердің айтуынша, Медет Жээнәлиев досымен бірге қыздардың барлығын жағаға аман алып шыққан.
Алайда құтқару кезінде спортшының өзі қатты ағысқа тап болып, суға батып кеткен. Іздеу-құтқару жұмыстары бір тәулікке жуық жалғасып, кейін оның денесі көл түбінен табылды.
Медет Жээнәлиев 30 жаста болған. Оның жанқияр әрекеті Қырғызстан жұртшылығы арасында үлкен құрметке ие болды. Әлеуметтік желі қолданушылары спортшыны батыр деп атап, оның ерлігінің арқасында төрт адамның өмірі аман қалғанын айтып, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтуда.
Бұл қайғылы жағдай судағы қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Мамандар азаматтарды рұқсат етілмеген орындарда суға түспеуге және ағысы қатты жерлерде шомылмауға шақырып отыр.