Экономика

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап заңсыз әкелінетін көліктерге бақылау күшейеді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға автокөліктердің заңсыз әкелінуіне тосқауыл қою үшін кедендік бақылау мен техникалық реттеу саласына жаңа тәсілдерді 1 қыркүйекке дейін енгізуді тапсырды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Үкімет басшысы елге көліктерді заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркеліп отырғанын атап өтті.

«Көбіне мұндай көліктер техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл, соның ішінде, кеден заңнамасы нормаларын қолдану кезінде кездесетін олқылықтарға байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, 10 күн ішінде автокөліктерді (сұр импорттағы көліктер) елге заңсыз әкелуге жол бермеу бойынша нақты шаралар кешенін әзірлеуі қажет. Қолданыстағы заң нормаларын түсіндіруде нақты ұстаным болуы керек», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, әзірленетін шаралар «сұр» импорт арналарын жабуға және Қазақстанға әкелінетін көліктердің техникалық әрі экологиялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Сондай-ақ Үкімет басшысы кедендік бақылау мен техникалық реттеу саласындағы жаңа тәсілдер осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске қосылуы тиіс екенін атап өтті.

Бектенов қабылданатын өзгерістер бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де тапсырды.