АҚШ оныншы түн Иранға соққы жасады: Ормуз бұғазында екі танкер шабуылға ұшырады
АҚШ әскері өткен түні Иран аумағына тағы да әуе соққыларын жасады. Reuters агенттігінің мәліметінше, шабуыл шамамен бес сағатқа созылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының хабарлауынша, соққылар Иранның әскери басқару орталықтарына, теңіз инфрақұрылымына, зымыран және дрон ұшыру алаңдарына, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне бағытталған.
Вашингтон бұл операциялардың мақсаты – Иранның Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне шабуыл жасау мүмкіндігін шектеу екенін мәлімдеді.
Ормуз бұғазында екі танкерге шабуыл жасалды
Оман жағалауында грек компаниясы Dynacom Tankers-ке тиесілі екі мұнай танкері белгісіз снарядтардың шабуылына ұшырады. Кемелердің бірінде өрт шығып, экипаж мүшелері құтқару қайығына эвакуацияланған.
Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері жағалауында тағы бір кемеге шабуыл жасалғаны хабарланды. Ұлыбританияның Теңіз саудасын бақылау басқармасы шабуылды кім жасағанын нақтылаған жоқ.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) екі мұнай танкеріне Ормуз бұғазы арқылы «қауіпсіз емес бағытпен» өтпек болғаннан кейін соққы жасалғанын мәлімдеді. КСИР дерегінше, кемелер қойылған талаптарды орындамаған.
Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы азайып келеді. 20 шілдеде бұғаздан небәрі төрт жүк кемесі өткен. Бір күн бұрын олардың саны жеті болған.
Иран АҚШ пен оның одақтастарына соққы жасағанын мәлімдеді
Өз кезегінде Иран да АҚШ-тың әскери нысандары мен аймақтағы одақтастарына шабуылдарын жалғастырғанын хабарлады.
КСИР мәліметінше, баллистикалық зымырандар Иорданиядағы Акаба әуежайындағы америкалық ұшақтарға, Әл-Адири әскери лагеріне, Кувейттегі Әли әл-Сәлем авиабазасына және Сириядағы әскери нысандарға бағытталған. Алайда бұл нысандардың зақымданғанын растайтын тәуелсіз ақпарат жоқ.
Иордания Қарулы күштері үш ирандық зымыранның әуеде жойылғанын мәлімдеді. Билік өкілдерінің айтуынша, зардап шеккендер мен қираулар тіркелмеген.
Кувейтте әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері ирандық дрондарды тосқауылдады.
Ал Бахрейнде күні бойы әуе дабылының сиреналары қосылды. Елдің Сыртқы істер министрлігі Иран дрондары әуе қозғалысын қамтамасыз ететін жүйелерге шабуыл жасауға әрекеттенгенін хабарлады.
Мұнай бағасы төмендеді
20 шілдеде Иранның жоғары лауазымды шенеунігі Reuters агенттігіне делдалдар Тегеранға он күндік атысты тоқтату туралы ұсыныс жеткізгенін айтты. Бұл бастама 17 маусымда АҚШ пен Иран арасында жасалған уақытша келісімді қайта жандандыруға бағытталған.
Иран Сыртқы істер министрлігі мұндай ұсыныстардың түскенін растағанымен, олардың мазмұнын жарияламады.
Делдалдардың дипломатиялық әрекеттері қақтығыстың бәсеңдеуіне деген үмітті күшейтті. Соның аясында Қазақстан уақытымен сағат 09:15-тегі мәлімет бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,9%-ға төмендеп, бір баррелі 88,44 долларға жетті. WTI маркалы мұнай да 0,9%-ға арзандап, 82,50 доллар болды.