Өрт қай өңірлерде болды:
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында – 41 өрт;
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында – 9 өрт;
Шығыс Қазақстан облысында – 3 өрт;
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығында – 1 өрт;
«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – 1 өрт.
Ведомствоның хабарлауынша, барлық 55 өрт дер кезінде анықталып, оқшауланып, сөндірілген. Кейбір ошақтар әлі де бақылауда тұр.
«Әрбір найзағайлы бұлт бір мезетте ондаған өрт ошағын тудыруы мүмкін. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзеті тәулік бойы кезекшілік атқарып, мемлекеттік орман қорын қорғауды қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді Экология министрлігі.
«Семей орманындағы» ірі өрт
Еске салайық, өткен аптада Абай облысындағы «Семей орманы» аумағында ірі орман өрті шыққан болатын. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, орман шаруашылығы мекемелері, жергілікті атқарушы органдар және Денсаулық сақтау министрлігінің күштері жұмылдырылды.
Өртті ауыздықтауға 769 адам, 191 жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылды. Авиация 319 рет су төгіп, өрт ошағына жалпы көлемі 709 тонна су жеткізілді.
Премьер-министрдің тапсырмасымен оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев барды.
Өрт 18 шілде күні таңертең ғана толық оқшауланды.