Павлодар облысында құдық ішінде алты адам қаза тапты
20 шілде күні Павлодар облысында орналасқан кәсіпорында қайғылы оқиға болып, алты адам көз жұмды. Тағы бір адам аман қалып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабар 20 шілде күні сағат 12:01-де Ақтоғай ауданының Жоламан ауылынан түскен.
Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты ер адамның қаза болғанын анықтады.
1988 жылы туған тағы бір ер адам Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. kerek.pv мәліметінше, ол көмірқышқыл газынан орташа дәрежеде уланып, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Облыс орталығына жеткізу қажет емес.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр.
Алдын ала мәлімет
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға Aqtogai Milk ЖШС аумағындағы кәріз құдығында электр сорғысын жөндеу кезінде болған.
Мемлекеттік реестрлердегі мәліметке сәйкес, Aqtogai Milk ЖШС-нің иесі – Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев. Компанияның басшысы ретінде Инна Терентьева тіркелген. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, ол депутаттың жұбайы.