Экономика

Қазақстан мұнайын тиеп жатқан тағы бір танкерге дрон шабуыл жасады

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми наразылығына қарамастан, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында мұнай тиеп жатқан танкерлерге дрондар шабуыл жасауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Новороссийск маңындағы теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған тағы бір азаматтық танкерге дрон шабуыл жасағанын хабарлады. Бұл оқиға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды айыптағаннан кейін бір күн өткен соң болды.

Консорциумның мәліметінше, 19 шілде күні кешке алдыңғы шабуылдардан кейін теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары қайта жанданған. Алайда 20 шілдеде ВПУ-1 айлағында мұнай тиеп тұрған NELSA танкеріне дрон соққы берген.

Шабуыл салдарынан дрон кеменің оң жақ артқы бөлігіне тиіп, өрт шыққан. Өрт бірнеше сағаттан кейін толық сөндірілді. Танкердегі 22 экипаж мүшесі КҚК буксирлерінің көмегімен эвакуацияланды. Кемеде тек капитан мен оның аға көмекшісі қалған.

КҚК мәліметінше, танкер су бетінде қалқып тұр, суға бату қаупі жоқ. Мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған.

– Мұнайдың теңізге төгілуіне және резервуарлардың тұтануына жол берілген жоқ, – деп мәлімдеді консорциум.

КҚК өкілдері мұнай тиеу кезінде азаматтық танкерлерге жасалған шабуылдар экологиялық және техногендік тұрғыдан үлкен қауіп төндіретінін айтып, халықаралық қауымдастық пен мемлекеттік органдарды мұндай әрекеттерді айыптауға шақырды.

Консорциум шабуылға ұшыраған танкерге тиелген мұнайдың Қазақстанда өндірілгенін де ерекше атап өтті.

Бұған дейін не болды?

19 шілдеде КҚК теңіз терминалында қазақстандық мұнайды тиеп жатқан екі танкерге де дрон шабуылы жасалған болатын. Осыдан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасап, азаматтық теңіз кемелеріне қарсы жасалған шабуылдарды айыптады. Бұған дейін де Yasa Polaris және Nordic Zenith танкерлері КҚК теңіз терминалына бет алған кезде дрондардың шабуылына ұшыраған еді.