Астана әуежайында әйел еденге жата қалып айқайлады: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Әлеуметтік желілерде Астана халықаралық әуежайынан түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Кадрларда еденге жатқан әйелдің қатты айқайлап жатқаны, ал оның маңында полиция қызметкерлерінің тұрғаны көрінеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Желіде тараған жазбада әйелді құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстауға әрекет жасап жатқаны айтылған.
Бейнежазбада оқиға орнына жолаушылар мен әуежай қызметкерлері жиналғаны байқалады. Алайда видеодан әйелдің не себепті мұндай күйге түскені немесе полицияның не үшін араласқаны анық көрінбейді.
Астана халықаралық әуежайында еденге жатып айқайлаған әйелдің видеосына қатысты Көліктегі полиция департаменті пікір білдірді.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Астана – Шымкент бағытындағы рейс ұшар алдында болған. Әуе компаниясы өкілдерінің өтініші негізінде полиция қызметкерлері 36 жастағы Шымкент тұрғынын қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін рейстен түсірген.
Полицияның хабарлауынша, тексеру кезінде әйел мас күйде болған. Ол балағат сөздер айтып, өзін агрессивті ұстаған және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған.
Осыған байланысты әйелге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйінде жүргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.