Иранда билікке қарсы шыққан екі адам өлім жазасына кесілді
Иранда билікке қарсы халықтық толқуларға қатысты деген айыппен сотталған екі адам өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Иранда қаңтардағы наразылықтарға байланысты екі адам өлім жазасына кесілді
Иран билігі биыл қаңтар айында өткен жаппай наразылықтарға қатысты айыпталған Эрфан Эсфандиари мен Гол-Мохаммад Мохаммадиге шығарылған өлім жазасын орындады. Бұл туралы AFP және Fars агенттіктері хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, олар Исфахан қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деп танылған. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, олардың бірін өлтірген. Сондай-ақ оқиға бейнежазбаға түсіріліп, шетелдік ақпарат құралдарына жолданғаны айтылды.
Алайда Иран соты таратқан хабарламада сотталғандардың жасы, олардың қашан ұсталғаны және сот процесінің қалай өткеніне қатысты мәліметтер жарияланбаған.
Наразылықтар қалай басталды?
Ирандағы жаппай шерулер 2025 жылдың желтоқсанында азық-түлік пен тұрмыс құнының қымбаттауына, сондай-ақ гиперинфляцияға байланысты басталды. Кейін наразылықтар саяси сипат алып, 2026 жылдың қаңтарында күшейе түсті.
Билік шерулерді күшпен таратты. Ресми Тегеран жаппай толқуларды ұйымдастырды деп АҚШ пен Израильді айыптап, оқиғаны «террорлық әрекет» деп бағалады. Иран билігінің мәліметінше, қақтығыстар салдарынан шамамен 3 мың адам қаза тапқан.
Өлім жазасы көбейген
Iran Human Rights және Together Against the Death Penalty құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, 2025 жылы Иранда кемінде 1 639 адамға қатысты өлім жазасы орындалған. Бұл – соңғы бірнеше онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш.
Amnesty International ұйымының мәліметіне сәйкес, өлім жазасын ең көп орындайтын елдер арасында Иран Қытайдан кейін екінші орында тұр. Ал Қытай бұл жөніндегі ресми статистиканы жарияламайды.