Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Ресей президенті Владимир Путиннің кез келген бұйрығын орындауға дайын екенін мәлімдеп, Украинаға қолдау көрсетіп отырған мемлекеттерге әскери соққы жасауды ұсынды.
– «Оқ жаудыратын уақыт келді, болды!» – деп жазды ол.
Қадыровтың пікірінше, ең алдымен Украинаға НАТО аясында қару-жарақ, барлау мәліметтері мен өзге де қолдау көрсетіп отырған елдерге қарсы әрекет ету қажет. Оның айтуынша, егер бұл мемлекеттер Мәскеудің ұстанымын түсінбесе, оны күш арқылы түсіндіру керек.
Сондай-ақ ол Ресейдің қазіргі әскери іс-қимылдары бейбіт тұрғындар арасындағы шығынды азайтуға бағытталғанын айтып, жағдай өзгерсе, «Батыс елдерінің көшбасшылары кешірім сұрауға мәжбүр болады» деген пікір білдірді.
Бұл мәлімдеме Украина Ресейдің бірқатар өңіріне дрондармен шабуыл жасағаннан кейін жарияланды. Сенбіге қараған түні Тамбов облысындағы және Мәскеу облысындағы Wildberries компаниясының екі қоймасы, сондай-ақ Ногинскідегі мұнай базасы шабуылға ұшырады.
Ресей билігінің мәліметінше, Тамбов облысының Котовск қаласындағы қоймада жеті адам қаза тауып, 25 адам жараланған. Электросталь қаласында бір адам көз жұмып, 37 адам зардап шеккен, олардың сегізінің жағдайы ауыр. Ногинскіде тағы екі адам жарақат алған.
Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылдарды растады. Оның айтуынша, соққы Мәскеу және Тамбов облыстарындағы екі ірі логистикалық нысан мен мұнай инфрақұрылымының бір объектісіне бағытталған.
Зеленскийдің сөзінше, бұл нысандар санкция салынған бөлшектерді жеткізуге, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары мен навигациялық жабдықтар өндіруге пайдаланылған. Ол аталған шабуылдарды Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған соққыларына жауап деп атады.
Соңғы айларда Украина Ресейдің өнеркәсіптік және энергетикалық нысандарына, әсіресе мұнай базалары мен мұнай өңдеу зауыттарына алыс қашықтықтан жиі шабуыл жасап келеді. Ал Ресей Украинадағы логистикалық инфрақұрылымға, оның ішінде Nova Poshta жеткізу қызметінің нысандарына соққыларын жалғастырып отыр.