Жаңалықтар

"Сені ит туып тастап кеткен": бойжеткен сұмдық жағдайға тап болған

Заңгер Ләззат Рақышева өзіне келген кезекті хатты жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бойжеткеннің айтуыншы, туған анасы тірі, босана сала ажырасқан, 1 жасар қызын алып кетіп, өзін әкесіне қалдырған

«Кейін әкем екінші рет үйленді. Мені ата-әжем бағып өсірді. Мектепке баратын жасқа келгенімде ата-әжем әкемнің еншісін бөліп, мені әкемнің қолына қайтарды. Сол кезден бастап өгей анамды "мама" деп атауға тура келді. Бірақ оны өз анамдай қабылдай алмадым. Арамыз ешқашан жақын болған емес, ашық сөйлесіп, сыр бөлісе алмадық», – дейді оқырман.

Оның айтуынша, бала күнінен өгей анасының қаталдығын көп көрген.

«Үнемі ұрысып, кейде ұрып-соғатын. Ауыр сөздерді де жиі айтатын. Жыласам да, күлсем де жақпайтынмын. Әкем өте жуас адам еді. Маған араша түсуге тырысқанда, өгей анам: "Білдік, сенің қызың екенін", – деп оны да тоқтатып тастайтын», – дейді ол.

Оқырманның сөзінше, осындай ортада өскендіктен, өзіне деген сенімі төмен болып қалыптасқан.

«Тұйық, жасқаншақ болып өстім. Менен кейін үш бауырым дүниеге келді. Олармен қарым-қатынасымыз жақсы болғанымен, аса жақын емеспіз. Бір-бірімізді алыстан сыйлаймыз», – дейді ол.

«Қазір туған анам да, әкем де тірі. Бірақ соған қарамастан, өзімді кейде тірі жетімдей сезінемін. Бұл – менің тағдырым, оны қабылдадым. Дегенмен бір сөзді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Өгей анамның: "Сені ит туып тастап кеткен", – дегені жүрегімде жазылмаған жара болып қалды», – деп түйіндеді оқырман.