DHA түрік агенттігінің мәліметінше, оқиға 16 шілдеге қараған түні Гүллерпынары ауданында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, қазақстандық әйел күдіктімен Барлар көшесінде танысқан. Кейін екеуі Сахире Түзүн көшесіндегі қонақүйлердің біріне барған.
Біраз уақыттан кейін ер адам қонақүйден шығып кеткен. Осыдан соң Қазақстан азаматшасы 112 жедел қызметіне хабарласып, өзіне жыныстық зорлық жасалғанын және күдіктінің ұялы телефонын алып кеткенін мәлімдеген.
Алания полициясының қызметкерлері күдіктіні жағалау жолында ұстаған. Ол полиция бөлімінде аудармашының қатысуымен жауап беріп, кейін сотқа жеткізілді.
Агенттіктің хабарлауынша, сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарып, оны Аланиядағы жабық үлгідегі түзеу мекемесіне орналастырған.
Оқиға жергілікті әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Жарияланымдарда күдіктіге жыныстық зорлық жасау бойынша айып тағылғаны, ал іс бойынша тергеу жалғасып жатқаны айтылған.