Әлемде

Иран АҚШ шабуылдарын тоқтатпаса, «толық жою» кезеңіне көшетінін ескертті

Иранның Жоғарғы көшбасшысының әскери кеңесшісі Мохсен Резаи елдің АҚШ-пен арадағы қақтығыста қорғаныс тактикасынан шабуылдау әрекеттеріне көшуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Tasnim агенттігі хабарлауынша, Тегеран АҚШ алдағы бірнеше күн ішінде соққыларын тоқтатпаса, шабуылдарын күшейтуге уәде берді.

«Егер АҚШ-тың шабуылдары алдағы екі-үш күн ішінде жалғасатын болса, Иран Ислам Республикасының Қарулы күштері тежеу және жауап қайтару кезеңінен шабуыл жасау және толық жою кезеңіне көшеді», – деді Резаи Иран телеарнасының эфирінде.

Ол бұл жағдайда Ираннан тыс жерлердегі америкалық әскери базалар мен сарбаздар тікелей соққылардың нысанасына айналатынын атап өтті.

«Осы уақытқа дейін Иранның ұстамдылық танытуының себебі қауіпсіздік мәселелерінің және халықаралық қақтығыстардың (түрік-израиль, қытай-тайвань және ресей-еуропалық дағдарыстар сияқты) ушығуына жол бермеу ниеті болды. Алайда Вашингтонның жаңа қателігі өңірді дәл осы бағытқа жетелеп барады», – деді кеңесші.