«Жылағым келіп тұр»: Баян Алагөзова актриса Меруерт Өтекешеваға пәтер сыйлады
Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова уәдесінде тұрып, Қазақстанның халық әртісі, «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Продюсер Instagram парақшасында жаңа баспананы бірге аралаған сәттің видеосын жариялады. Пәтер қоныстануға толық дайын. Алагөзова интерьердің дизайнын өзі жасағанын айтып, үйдің жылы әрі жайлы атмосферасын қалыптастыру үшін ашық, бірақ көзге тым қатты түспейтін түстерді таңдағанын жеткізді. Ол тіпті жатын бөлмедегі төсек-орынға дейін дайындап қойған.
Жаңа баспананы көрген Меруерт Өтекешова әсерін жасыра алмады.
– Жылағым келіп тұр... Ауласы қандай керемет! Өте әдемі, жайлы, мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Айтар сөзім жоқ, – деді актриса.
Ал Баян Алагөзова оған:
– Сөздің қажеті жоқ. Ең бастысы – сіздің күлкіңіз, – деп жауап берді.
Осылайша, продюсер бұған дейін берген уәдесін орындап, қазақ киносының аңызға айналған актрисасына жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Сонымен қатар, Баян Алагөзова халық әртісіне тағы бір тосынсый жасап, екі адамға арналған Түркияға 10 күндік жолдама сыйлады. Демалыс «бәрі қосылған» (all inclusive) жүйесімен жұмыс істейтін бес жұлдызды қонақүйде өтеді. Меруерт Өтекешева бұл оның Түркияға алғаш рет баруы болатынын айтып, қуанышын жасырмады.