Шоу-Бизнес

Канье Уэст Алматыда концерт береді

Атақты америкалық рэпер 14 тамыз 2026 жылы Алматыдағы Орталық стадионда ауқымды концерт бередідеп хабарлайды buginmedia.kz.

Америкалық рэпер Канье Уэстің Қазақстандағы концерті туралы хабарландыруды танымал музыкалық продюсер Джозеф Карре әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Афишада көрсетілгендей, Ye лақап атымен танымал өнерпаздың жалғыз концерті 2026 жылғы 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда сағат 21:00-де өтеді.

Концерт әлемдік тур аясында ұйымдастырылады.

Концертті ұйымдастырушылар шараға қатысты толық ақпаратты кейінірек жариялайтынын мәлімдеді. Әзірге билеттердің сатылымы 2026 жылғы 20 шілдеде басталатыны ғана белгілі.

Айта кету керек, Алматыдағы бұл концерт Канье Уэстің Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы алғашқы ресми жеке концерті болмақ. Алайда шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, рэпер бұған дейін де Қазақстанға келген.

Осыдан 12 жыл бұрын The Guardian басылымы Канье Уэстің 2013 жылғы 31 тамызда Алматыда Қазақстанның тұңғыш президентінің немересі Айсұлтан Назарбаевтың жабық форматтағы үйлену тойында өнер көрсеткенін жазған. Басылымның мәліметінше, әншінің сол кештегі гонорары шамамен 3 миллион долларды құраған.

Канье Уэст (2021 жылдан бері ресми түрде Ye) – XXI ғасырдағы ең ықпалды әрі ең даулы музыканттардың бірі. Ол рэпер ретінде ғана емес, продюсер, дизайнер және кәсіпкер ретінде де кеңінен танымал.