Жаңалықтар

Таиландтан келген сәлемдеменің кесірінен астаналық 16 жылға сотталды

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы Қазақстанға аса ірі мөлшерде есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу мәліметінше, Астананың 32 жастағы тұрғыны Таиландтан үш халықаралық пошта жөнелтілімі арқылы каннабис сығындысын елімізге заңсыз әкелген.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 2,9 келіні құрап, аса ірі мөлшер санатына жатқызылған.

Күдіктінің уақытша тұрған мекенжайына жүргізілген тінту барысында сатуға дайындалған есірткі заттары, электронды таразылар, буып-түюге арналған материалдар, SIM-карталар, ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Көліктегі полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар жинаған.

Сот үкімімен ер адам аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізгені үшін кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 202 құқық бұзушылықтың жолын кескен. Оның ішінде 41 есірткі өткізу, аса ірі мөлшерде сақтаудың 6 және контрабанданың 16 фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 172 келіден асатын есірткі тәркіленген.