Саясат

Атырау мен Ұлытауда әкім ауысады: мәслихаттар шұғыл жиналады

17 шілдеде Атырау және Ұлытау облыстық мәслихаттарының депутаттары өңір әкімінің кандидатурасын келісу үшін жиналады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Атырау облысындағы отырыс сағат 09:30-да Абай атындағы Оқушылар орталығының ғимаратында өтеді. Ал Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда мәслихат депутаттарының отырысы 11:00-ге жоспарланған.

Президенттің жарлығына сәйкес, облыс әкімдерін тағайындау алдында олардың кандидатуралары міндетті түрде мәслихат депутаттарының келісімінен өтуі тиіс. Әзірге әкімдікке ұсынылатын кандидаттардың есімдері жарияланған жоқ.

Қазір Атырау облысын Серік Шәпкенов басқарып келеді. Ол бұл қызметке 2022 жылдың сәуір айында тағайындалған. Ал Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков бұл лауазымға 2024 жылдың қазан айында келген.

Еске салайық, бір айға жуық уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлесіп, олардың жұмысына сын айтқан болатын. Президент өңірлерді дамыту қарқынын күшейтуді, экономиканы әртараптандыруды, әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдетуді, экологиялық мәселелерді шешуді және тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруді тапсырған еді.