«Уайымнан мазам қашты»: Гүлзира Айдарбекова қиын жағдайға тап болғанын айтты
Продюсер Гүлзира Айдарбекова денсаулығына байланысты қайтадан ота жасатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Продюсердің айтуынша, бұған дейін Қырғызстанға барып, өтіндегі тасты алдырған. Алайда кейінгі тексеру барысында дәрігерлер оның өт қабының толыққанды жұмыс істемейтінін анықтаған.
«Қырғызстанға барып, тасын алдық деп қуанып жүргенімде, дәрігерлер өт мүлде жұмыс істемей тұрғанын айтты. Сондықтан Қырғызстанға бармай-ақ, Қазақстанда өтті толық алдырған дұрыс екен. Енді қайтадан ота жасауға тура келеді», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова соңғы уақытта ағасының денсаулығына байланысты қатты алаңдағанын айтты. Оның сөзінше, қазір жақынының жағдайы біршама жақсарған.
«Ағамның беті бері қарады. Өзім де уайымдап, мазам қашып жүрген еді. Аллаға шүкір, енді шаруаларыммен Шымкентке жолға шықтым. Алла баршаңызға, бауырларыңызға және отбасыларыңызға амандық берсін», – деді продюсер.