Иран Кувейт пен Иорданиядағы АҚШ базаларына соққы жасағанын мәлімдеді
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) Кувейт аумағындағы АҚШ әскери нысандарына соққы жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz Press TV-ға сілтеме жасап.
«Кувейттегі Әли ас-Салем әскери әуе базасында орналасқан C-RAM әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің радиолокациялық станциясы, сондай-ақ америкалық әскери қызметкерлер жиналған аудан "Наср-2" операциясының сегізінші толқыны барысында жүзеге асырылған бірлескен шабуылдың нысанасына айналды», – делінген КСИР мәлімдемесінде.
Бас штаб естіліп жатқан кез келген жарылыстардың әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйесінің жұмысына байланысты екенін растады.
Сондай-ақ КСИР Иранның оңтүстік-батысындағы Эндимешк қаласының үстінде АҚШ-тың MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсіргенін мәлімдеді. Бұл туралы РБК басылымы Иранның IRIB және Tasnim агенттіктеріне сілтеме жасап хабарлады.
Анықтама: Эндимешк – Иранның Хузестан провинциясының оңтүстік-батысында орналасқан, аттас шахрестанның әкімшілік орталығы. Қала халқы шамамен 180 мың адамды құрайды. Эндимешк маңызды көлік торабы саналады. Қала арқылы Тегеран мен Ахваз қалаларын байланыстыратын Транс-иран теміржолы өтеді.
Ал Press TV телеарнасының мәліметінше, Иран әскері Иорданиядағы АҚШ әскери күштерінің байланыс жүйелері мен жанармай қоймаларына шабуыл жасағанын хабарлаған.
Бұған дейін АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы америкалық әскери күштердің бір тәулік ішіндегі Иранға бағытталған соққылардың екінші толқынын аяқтағанын мәлімдеген болатын.
Мәлімдемеге сәйкес, шабуылдардың нысанасы ретінде Иранның әскери басқару орталықтары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және жағалау қорғанысы нысандары, сондай-ақ зымырандық және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты әскери жүйелер таңдалған.
Еске салсақ, АҚШ пен Иран арасындағы өзара соққылар бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр.