Каспий теңізінен жоғалған жасөспірімнің денесі табылды
Маңғыстау облысында Каспий теңізінде жоғалған жасөспірімнің денесі табылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, мәйіт Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде, жағалаудан шамамен 10 метр қашықтықтан табылып, полицияға тапсырылды.
Іздестіру жұмыстарына 253 адам, 100-ге жуық техника, жүзу құралдары, дрондар және екі тікұшақ жұмылдырылды. Операция теңіз түбінің күрделі бедері, су астындағы көріну деңгейінің төмендігі мен ағыстардың өзгеруіне байланысты қиын болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, екі жасөспірім жабдықталмаған жағалауда SUP-бордпен серуендеп, кейін құтқару кеудешелерін шешіп суға түскен. Олардың бірі аман қалған, екіншісі суға батып кеткен", делінген хабарламада.
Осыған байланысты ТЖМ азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылып, жүзу құралдарын пайдаланғанда міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге шақырды.