Жаңалықтар

Қазақстанда құны 10 миллион доллар болатын арал сатылымға шығарылды

Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында ерекше хабарландыру пайда болды. Шығыс Қазақстан облысында аумағы 22,5 гектар болатын тұтас бір арал сатылымға шығарылған. Оның бағасы – 10 миллион доллар,деп хабарлайды buginmedia.kz.

YK-news.kz.хабарлауынша, арал жеке меншік иелегінде. Хабарландыруда ол біртұтас инвестициялық жоба ретінде ұсынылған.

«Бұл – танымал демалыс орнына айналдыруға болатын ерекше нысан. Мұнда элиталық демалыс аймағын, жабық клубты немесе ірі туристік кешенді салуға мүмкіндік бар. Үлкен су айдыны, жеке кеңістік, табиғи ландшафт және дамытуға қолайлы әлеует қарастырылған», – делінген хабарландыру мәтінінде.

Шығыс Қазақстан облысында тұтас аралдың сатылымға шығарылуы алғаш рет болып отырған жоқ. 2020 жылы Бұқтырма су қоймасындағы Қаздар аралы да сатылымға қойылған болатын. Ол кезде жергілікті билік аталған аумақтың заңды түрде жеке меншікте екенін мәлімдеген.

Ресми мәліметке сәйкес, арал 1990 жылдары алғашында жеке тұлғаға жалға беріліп, кейін 2007 жылы оның жеке меншігіне өткен.