Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады

Мамандар жаздың аптап ыстығында күн өту қаупі артатынын айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Олардың айтуынша, күн өту – ағза шамадан тыс қызып кеткен кезде пайда болатын аса қауіпті жағдай. Мұндай сәтте адам организмі дене температурасын қалыпты деңгейде өздігінен ұстап тұра алмайды.

«Бұл организмнің қызып кетуі кезінде пайда болатын қауіпті жағдай, әсіресе ыстық ауа райында, ол қалыпты дене температурасын өздігінен ұстап тұруды тоқтатады», – дейді мамандар.

Дәрігерлердің мәліметінше, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, күн өту адам денсаулығына ауыр зардап әкелуі мүмкін.

«Уақтылы көмек болмаса, күн өту мидың, жүректің, бүйректің және басқа да өмірлік маңызды ағзалардың зақымдалуына, ал ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін», – деп ескертеді мамандар.

Күн өтудің негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қатты әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, сананың шатасуы немесе естен тану жатады.

«Егер бұл белгілер пайда болса, жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адамды салқындатуды бастау керек», – дейді дәрігерлер.

Мамандар аптап ыстық күндері күн астында ұзақ жүрмеуге, бас киім киюге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және мүмкіндігінше көлеңкелі жерде болуға кеңес береді.