Қазақстанда алдағы үш күнде 46 градусқа дейін ысиды
16-18 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде нөсер жауын жауады, оңтүстікте 46 градусқа дейін аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бұған солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттардың әсері себеп, деп хабарлайды синоптиктер.
Болжамға сәйкес, елдің батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. 16-17 шілде күндері кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін.
Жауын-шашынның әсерінен еліміздің батысында аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Күндіз ауа температурасы +22...+35 градус аралығында болады. Солтүстік өңірлерде де ауа температурасы уақытша төмендеп, +21...+36 градусқа дейін жетеді.
Ал республиканың орталығы мен шығысында өте ыстық ауа райы сақталып, сынап бағаны +41 градусқа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар елдің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және оңтүстік-батысының жекелеген аудандары Орта Азиядан келетін ыстық ауа массаларының ықпалында болады. Бұл өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болуы ықтимал.
Синоптиктердің мәліметінше, аталған өңірлерде күндіз ауа температурасы +41...+46 градусқа дейін көтеріліп, климаттық нормадан жоғары болады.