Шоу-Бизнес

«Үш жыл болды»: Сейфуллин Жолбарыс жеке өміріне қатысты құпияны ашты

Әнші әрі композитор Сейфуллин Жолбарыс жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттарды айтып, балаларының тәрбиесі, шығармашылығы және шоу-бизнес туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Өнер иесі Oilau YouTube арнасына берген сұхбатында бұрынғы жұбайымен некесін ресми түрде бұзғанын растады. Оның айтуынша, ажырасқандарына үш жыл өтсе де, бұл жағдай ортақ балаларын тәрбиелеуге кедергі келтірмеген.

Әнші екі қызының игілігі үшін бұрынғы жарымен өзара сыйластықты сақтап қалғанын жеткізді. Ол балалардың өміріндегі маңызды сәттерде бірге болып, түрлі отбасылық іс-шараларға қатар қатысуға тырысатындарын айтты.

Сейфуллин Жолбарыстың сөзінше, әке болу – өміріндегі ең үлкен жауапкершіліктің бірі. Ол балаларының өзін үлгі тұтып, мақтан ететініне қуанышты екенін жасырмады.

Сұхбат барысында өнер иесі ұлының шығармашылыққа бейімі ерте байқалғанын да әңгімеледі. Оның айтуынша, ұлы 10 жасынан бастап гитарада ойнап келеді және бүгінде музыка саласында білім алып жүр. Сонымен қатар өз әндерін жазуға талпынып жүргенін айтқан әнші баласына тәжірибесімен бөлісіп, репертуар таңдауға көмектесетінін жеткізді. Кейде концерттерге бірге шығатынын да атап өтті.

Дегенмен ол баласының болашақ мамандығын өзі таңдауы керек деп есептейді. Сондықтан шығармашылық жолға түсу-түспеу туралы шешімді ұлының өз еркіне қалдырған.

Әңгіме барысында Сейфуллин Жолбарыс еліміздегі шоу-бизнес пен той индустриясына да тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстанда өнер адамдары үшін ең тұрақты табыс көзі – той. Әнші мұны қазақ қоғамындағы той өткізу дәстүрінің берік сақталуымен байланыстырып, дәл осы ерекшелік той-бизнестің шоу-бизнеске қарағанда әлдеқайда қарқынды дамуына себеп болып отырғанын айтты.