Түркияда қазақстандықты өлтіруге тапсырыс бергендер анықталды
Ішкі істер министрлігі биыл наурыз айында Түркияда қастандықпен өлтірілген Қазақстан азаматы Ариф Исмаиловтың ісіне қатысты тың ақпаратты жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Еске салайық, Ариф Исмаилов Түркияда жеке логистикалық компанияда курьер болып жұмыс істеген. Бұған дейін жарияланған ақпаратқа сәйкес, оған көшеде белгісіз біреу жақындап келіп, басынан оқ атқан. Қаскөй оқиға орнынан бой тасалап, ер адам ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.
Қылмыстан кейін бірнеше мемлекеттің құқық қорғау органдары бірлескен арнайы операция жүргізіп, кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікпен екі адамды қолға түсірген.
ІІМ-нің хабарлауынша, тергеу барысында қылмыстың қалай және не үшін жасалғаны анықталып, тапсырыс беруші мен ұйымдастырушының да жеке басы белгілі болған.
«Тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүрген», – деп мәлімдеді полиция.
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, аталған ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі қазір АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу ісі бойынша жаза өтеп жатыр.
Сонымен қатар, осы қылмысты тергеу барысында жиналған деректер Қазақстандағы өзге де ауыр қылмыстардың бетін ашуға мүмкіндік берген.
Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынына жасалған қастандыққа қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірі ұсталған. Күдіктіден тапанша тәркіленген.
«Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топ киллерлерінің бірі ұсталды. Одан тапанша тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды», – деп хабарлады полиция.