Kizdar.net сайты менеджерлерінің бірі Грузияда ұсталды: ІІМ тергеудің жаңа мән-жайын жариялады
Ішкі істер министрлігі Kizdar.net сайтына қатысты жүргізіліп жатқан тергеудің жаңа мән-жайын мәлімдеді, еп хабарлайды buginmedia.kz.
Ішкі істер министрлігі Kizdar.net сайтының ұйымдастырушыларына қатысты қозғалған қылмыстық істің тергелу барысы туралы жаңа мәліметтерді жариялады.
Ведомствоның хабарлауынша, іс жеңгетайлық жасау және интим қызмет көрсетуді ұйымдастыру фактілері бойынша тергеліп жатыр. Негізгі күдіктілер биылғы маусым айының басында қолға түскен.
Қазіргі уақытта тергеу аясында сайттың жұмысына қатысы болуы мүмкін барлық тұлғалар анықталуда. Олардың қатарында ұйымдастырушылар, менеджерлер, техникалық мамандар, сондай-ақ күдіктілермен байланысы бар жеке және заңды тұлғалар бар.
ІІМ мәліметінше, Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп күдіктілердің және олармен аффилирленген тұлғалардың қаржы ағындары, мүліктік активтері мен қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге сайт қызметінен түскен қаражаттың қайда жұмсалғаны және оған қандай мүлік сатып алынғаны тексерілуде. Тергеу барысында анықталған активтерге тыйым салынған.
Тергеу шетелдегі электрондық дәлелдерді жинауды да қамтиды. Осы мақсатта Қазақстанның Бас прокуратурасы арқылы бірқатар мемлекетке құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жолданған. Құқық қорғау органдары шетелде орналасқан серверлерден электрондық дәлелдер алуға және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуге ниетті.
Сонымен қатар, Интерполдың көмегімен шілде айының басында Kizdar.net сайты менеджерлерінің бірі Грузия аумағында ұсталған. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының соты Kizdar.net сайтының алты топ-менеджеріне үкім шығарған болатын. Тергеу дерегіне сәйкес, олар ақылы интим қызмет көрсеткен адамдардың сауалнамаларын сайтқа жариялап, оларды ілгерілетуге қатысқан. Топ жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылса, тағы бес адам 8 жылға сотталды. Сондай-ақ олардың мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды.