Құрылтай сайлауын өткізуге 34,3 млрд теңге бөлінді
2026 жылғы Құрылтай сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
ОСК түсіндіруінше, қаржы Үкіметтің резервінен қарастырылған. Себебі 2026 жылға арналған республикалық бюджет өткен жылы бекітілген.
Қазіргі таңда сайлауға жеті саяси партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылған. Кандидаттар саны бойынша көш бастап тұрған – «Әділет» партиясы, ол 186 үміткерді ұсынды.
Сондай-ақ, Respublica партиясы – 76, Қазақстан Халық партиясы – 72, «Ауыл» – 69, «Ақ жол» – 63, «Байтақ» – 47 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 33 кандидатты тіркеуге ұсынған.
Қазір кандидаттардың құжаттары тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген. Олар Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексерілуде.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота толық сақталған.
Бұдан бөлек, сайлауды бақылауға үш халықаралық ұйым мен төрт шет мемлекеттен келген жалпы саны 60 халықаралық бақылаушы тіркелген.
Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасады. Осы кезең аяқталған соң сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады.
Еске салайық, Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.