Жаңалықтар

Әділетхан Молдахан 2,5 жылға сотталды

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Әділетхан Молдаханды ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Еске салсақ, заңгер әрі блогерге әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Іс бойынша Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев жәбірленуші ретінде танылған.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы Әділетхан Молдаханға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Бұған дейін прокурордың айыпты қайта саралауына байланысты сот отырысы кейінге қалдырылған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін журналист Руслан Өтепбай жәбірленуші тараптың қорғаушысына сілтеме жасап, Ержан Ұзабаев пен Серік Шумаевтың Әділетхан Молдаханды кешірмегенін хабарлаған еді.