Қайын жұртын қырып салған Сұлтан Сәрсемәлиевке үкім шықты
Атырау облысында қайын жұртындағы төрт адамды өлтіргені үшін айыпталған 30 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге үкім шығарды.
«Сұлтан Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді істі қараған судья Зарема Хамидуллина.
ергеу материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев алғашқы қылмысын 2025 жылдың мамыр айында жасаған. Ол жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіріп, мәйітін үй маңына жасырын көмген. Марқұмның жақындары күмәнданбауы үшін оның атынан хабарламалар жіберіп отырған.
Кейін, сол жылдың қазан айында, Атырау облысының Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін өз үйлерінде пышақтап өлтірген. Айыптау актісіне сәйкес, олардың денелерін шамамен 1 метр 30 сантиметр тереңдікке қазылған шұңқырға көмген.
Осыдан кейін Сәрсемәлиев бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны Атырау қаласына ертіп келген. Тергеу нұсқасы бойынша, қалада ол Мейрамгүл Қарабалинаны да пышақтап өлтіріп, мәйітін бұрын көмілген қайын ағасының жанына жерлеген.
Іс материалдарында төрт адам қаза тапқаннан кейін Сәрсемәлиевтің Түркия арқылы Меккеге барғаны көрсетілген. Тергеу мәліметінше, ол сол жерде Құдайдан кешірім сұрамақ болған.
Сот отырысында айыпталушы Құдайдың да, мемлекеттің де заңын бұзғанына өкінетінін айтты. Алайда ол қылмысқа байланысты жауапкершілікті толық мойындамай, болған оқиғаға қаза тапқан адамдардың өздерін кінәлады.