«Қажет болса, шара қабылдаймыз»: Қазақстанда ет бағасы қымбаттай ма?
Қазақстандықтарды алаңдатып отырған ет бағасының өсуіне қатысты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ет өнімдерінің бағасында айтарлықтай қымбаттау байқалмайды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Толығырақ
Вице-министрдің мәліметінше, керісінше, соңғы аптада кейбір ет түрлерінің бағасы төмендеген. Атап айтқанда, сүйекті сиыр еті 0,6 пайызға, ал қымбат саналатын жұмсақ ет 0,3 пайызға арзандаған. Бұған дейін келісіне шамамен 3800 теңге болған ет бағасы қазір 3700 теңгеден сәл жоғары деңгейде қалып отыр.
Азат Сұлтановтың сөзінше, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылданған. Атап айтқанда, аналық малды сыртқа шығаруға шектеу қойылып, ет экспортына квота енгізілген. Оның айтуынша, бұл шаралар өз нәтижесін беріп жатыр.
Сонымен қатар вице-министр маусымаралық кезеңде кейбір ет түрлерінің бағасы өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұған мал азығы бағасының қымбаттауы әсер етуі ықтимал. Ал жем-шөп құны өз кезегінде бидай мен арпа бағасына байланысты. Дегенмен қазіргі таңда министрлік ет бағасының күрт өсуіне себеп болатын нақты алғышарттарды байқап отырған жоқ. Егер баға көтерілетін жағдай туындаса, ведомство оны тұрақтандыру үшін жедел шара қабылдайтынын айтты.
Сондай-ақ вице-министрге кейбір сатушылардың тұтынушыларға тек еттің жұмсағын емес, сүйегімен бірге алуға мәжбүрлейтіні туралы сұрақ қойылды. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар кездеседі.
«Мен өзім де осындай жағдайға тап болдым. Ет сатып алғанда тек жіліктің белгілі бір бөлігін алғымыз келді, бірақ сатушылар сүйегімен бірге алуды ұсынды. Себебі оларға бұл тиімдірек», – деді Азат Сұлтанов.
Ол мұндай жағдайларда тұтынушылардың құқығы заңмен қорғалатынын атап өтті. Егер сатушылар тарапынан заңсыз әрекет байқалса, азаматтар арнайы органдарға шағымдана алады.
Барлық базарларда тұтынушылар хабарласа алатын сенім телефондары көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылған. Сондай-ақ заң бұзушылық фактілерін фото немесе видео арқылы тіркеп, тиісті органдарға ұсынуға болады.