Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 6 шілдеге қараған түні әйелдің анасы мен енесі оның хал-жағдайын білу үшін үйіне барған. Алайда олар үйден келінін де, төрт немересін де таппаған. Сол кезде әйелдің жұбайы вахталық жұмыста болған.
Жақындары бастапқыда Ұлдана балаларымен таныстарының үйіне кеткен шығар деп ойлап, келесі күнге дейін күткен. Бірақ олардан ешқандай хабар болмаған соң полицияға ресми түрде арыз түсірген.
Туыстарының айтуынша, әйел ешкіммен араз болмаған және мінезі өте жуас. Сол себепті олар оның аңғалдығын пайдаланып, біреулер алдап әкетуі мүмкін деген күдік айтып отыр.
Журналист Гүлмира Әбіқай бес адамның бірнеше күннен бері хабарсыз кетуі алаңдатарлық жағдай екенін айтып, құқық қорғау органдарын іздестіру жұмыстарын жеделдетуге шақырды.
Оның сөзінше, төрт баламен жүрген әйелдің ел көзіне түспеуі күмән тудырады. Сондықтан ол іздеу жұмыстарына бейжай қарамай, тұрғындарды да ақпарат болса, тиісті органдарға хабарлауға үндеді.
“Ұлдананың сәл ақыл-ес кемістігі бар, ешкімге зияны жоқ адам. Сол аңқаулығын пайдаланып, алдау-арбауға түсіп қалды ма екен? Ішкі істер органы ықыласпен қарамай отыр” деп жазыпты маған. Шынында да, туыстардың айтқаны рас болса, @turkistan_polisia 6 күннен бері 5 адамды іздемей бейқам жүргені қалай? Шиеттей 4 баламен бір түнде қайда ғайып болуы мүмкін?", - деп жазды журналист.