Жаңалықтар

"Қызы анасына үрейлі хабарлама жазған": Алматыда аулада адам күтпеген жағдай болды

Алматыда жасөспірім қыздарға әдепсіз әрекет көрсеткен ер адам 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алматы қаласының Түрксіб ауданында қоғамның алаңдаушылығын тудырған оқиға болды. Есірткілік масаң күйдегі 34 жастағы ер адам кәмелетке толмаған қыздарға тиіскені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Halyqstan басылымының мәліметінше, оқиға Майлин көшесі, 97 мекенжайында болған. Кешкі уақытта 13 жастағы қыз екі құрбысымен аулада ойнап жүрген кезде белгісіз ер адам олардың жанына келіп, әдепсіз әрекеттер жасап, өзіне шақырған. Қорыққан балалар дереу үйлеріне қашып кеткен.Қыздардың бірі анасына үрейлі хабарлама жазған.

Оқиғаны көрген тұрғындардың бірі полиция шақырып, ер адамның әрекетін ұялы телефонға түсіріп алған. Кейін бұл бейне іс бойынша негізгі дәлелдердің біріне айналды.

Полиция келгенге дейін қыздардың бірінің ата-анасы күдіктінің қашып кетпеуі үшін оны өз күштерімен ұстаған. Біраз уақыттан соң оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары ер адамды бөлімшеге жеткізді.

Сот отырысы онлайн форматта өтіп, бірнеше минутқа ғана созылды. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар үш ай бойы алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынып, аптасына бір рет полицияға профилактикалық әңгімелесуге келу міндеттелді.

Ер адамның айтуынша, ол алғаш рет карбюратор тазартқышының буын иіскеп, содан кейін галлюцинацияға ұшыраған. Осыны өз әрекетіне себеп ретінде көрсеткен.

Алайда қыздардың ата-анасы бұл жаза тым жеңіл деп есептейді. Олар ер адамның әрекетіне қылмыстық-құқықтық баға беріліп, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы құқық бұзушылықтар бойынша да жауапқа тартылуын талап етуде.

Тергеу барысында тағы бір мәселе анықталды: оқиға болған аумақтағы көше және аула камералары жұмыс істемеген. Соның салдарынан құқық қорғау органдары тұрғын түсірген бейнежазбаға ғана сүйенуге мәжбүр болған. Бұл жағдай қаладағы бейнебақылау жүйесінің тиімділігіне қатысты сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.