Білім грантына өтініш қабылдау басталды: талапкерлерге қажетті құжаттар жарияланды
Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Талапкерлер құжаттарын 20 шілдеге дейін тапсыра алады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Толығырақ
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына офлайн түрде немесе eGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн жолдауға болады.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер келесі құжаттарды ұсынуы қажет:
жеке куәлік;
ҰБТ сертификаты;
3×4 көлеміндегі фотосурет;
орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын аяқтағаны туралы диплом;
жеңілдетілген санатқа жататынын растайтын құжат (бар болған жағдайда).
Білім беру гранты конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша мынадай шекті баллдар белгіленген:
«Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттары бойынша – кемінде 50 балл;
ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.
Сонымен қатар университеттер грант конкурсына қатысу және ақылы бөлімге қабылдау үшін өздерінің шекті балл талаптарын белгілеуге құқылы.
Министрлік ауылдық жерлерден шыққан және әлеуметтік осал топтарға жататын талапкерлерге қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік квоталар қарастырылғанын атап өтті.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.