Миллиард теңге жымқырып, үш жылға сотталған бұрығы вице-министр Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты
Бұған дейін үш жылға сотталған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов жазасын өтеуден босатылды. Бұл ақпаратты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Толығырақ
Комитет мәліметінше, Қожағапанов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан. Алайда сот шешімімен оның жазасының өтелмеген бөлігі жеңіл жаза түріне – айыппұлға ауыстырылған.
2025 жылдың мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сондай-ақ сот оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қожағапановты 2024 жылдың наурызында Алматы қаласында ұстаған. Кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгеге жуық қаражатты жымқырды деп айыпталған.
Антикор мәліметіне сәйкес, форумды өткізуге арналған сметада бірқатар шығындар құны екі есе жоғары көрсетілген.
Ерлан Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарған. 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2021 жылы қайтадан мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған.