Иран АҚШ-тың екі елдегі әскери базаларына соққы жасағанын мәлімдеді
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ-тың Иорданиядағы әскери әуе базасына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz РБК-ға сілтеме жасап.
КСИР таратқан мәліметке сәйкес, операция барысында Иорданиядағы америкалық әуе базасы нысанаға алынған. Сонымен қатар Бахрейнде АҚШ әскери күштеріне тиесілі бірнеше нысанға, оның ішінде операцияларды басқару және бақылау орталығына да соққы берілгені айтылды.
Иран тарапы шабуылдардың сәтті жүзеге асқанын мәлімдегенімен, әзірге АҚШ билігі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
КСИР мәлімдеуінше, Шейх-Исадағы АҚШ әскери базасына дрондармен соққы жасалып, тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталықтары, P-8 радиоэлектрондық күрес ұшақтарына арналған ангар, сондай-ақ америкалық әскердің операцияларын басқару және бақылау орталығы жойылған.
Ал АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иран аумағына жасалған жаңа әуе шабуылдары аяқталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бірнеше өңірде орналасқан ондаған нысанаға соққы берілген.
«CENTCOM күштері америкалық жойғыш ұшақтарды, әскери-теңіз күштерінің кемелерін, камикадзе-дрондарды және алғаш рет теңіздегі камикадзе-дрондарды пайдалана отырып, Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, жағалаудағы радиолокациялық станцияларына, ұшқышсыз ұшу аппараттарына және шағын теңіз кемелеріне соққы жасады», – деп хабарлады қолбасшылық.
Сондай-ақ CENTCOM Иранның қазіргі уақытта Ормуз бұғазын бақыламайтынын тағы бір мәрте мәлімдеді.
Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ елдің орталық және батыс өңірлеріне, соның ішінде Ормуз бұғазынан шалғай орналасқан аумақтарға соққы жасағанын хабарлады.
БАҚ мәліметінше, Махшехр қаласына жасалған шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт адам жараланған. Снаряд қалалық сорғы станциясына түсіп, нысанды күзетіп жүрген қызметкер көз жұмған.