Венесуэладағы жер сілкінісінен қайтыс болғандар 4000-нан асты
Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісінің салдарынан көз жұмғандар саны 4 мыңнан асты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Соңғы ресми мәліметке сәйкес, 16 740 адам түрлі деңгейде жарақат алып, 17 907 тұрғын баспанасыз қалған. Сонымен қатар 190 ғимарат толықтай қираса, 856 нысанға елеулі зақым келген. Бұл туралы Боливар Республикасының Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес хабарлады.
Табиғи апат құрбандарының саны әлі де өсіп келеді. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары қайтыс болғандар саны 10 мың адамға дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен еді.
Қазіргі уақытта Венесуэла билігі халықаралық құтқару жасақтарымен бірлесіп ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Осы уақытқа дейін үйінді астынан 6 462 адам аман шығарылды. Сондай-ақ 29 966 азамат ауруханалар мен медициналық мекемелерде ем қабылдаған.
Билік зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек көрсетуді де жалғастырып жатыр. Жалпы саны 86 794 отбасы қажетті қолдауға ие болып, тұрғындарға 9 766 тонна азық-түлік жеткізілген.
Еске салайық, 25 маусым күні таңертең Венесуэлада екі жойқын жер сілкінісі тіркелген болатын. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан зардап шеккен Венесуэла халқына көңіл айтып, қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтты.