Атырау әкімінің міндетін атқарған Тілек Махуов ұсталды
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовтың ұсталғаны туралы тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, Тілек Махуов 2026 жылғы 4 шілдеде ұсталған. Арна дереккөзі оның «Атырау қаласының кәріз желілерін күрделі жөндеу» жобасына қатысты өзгерістер енгізуге мүдделі компаниядан 100 млн теңге алды деген ақпарат таратқан.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.
ҰҚК бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Алайда заң талаптарына байланысты тергеудің басқа мәліметтері әзірге жарияланбайды.
Тілек Махуов — 1977 жылы Атырау облысында туған мемлекеттік қызметкер. Ол Атырау мұнай және газ университетін инженер-механик мамандығы бойынша, кейін Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын теміржол саласында бастаған. 2003 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. 2023–2024 жылдары Атырау қаласы әкімдігі аппаратындағы құрылыс бөлімін басқарды. 2024 жылдың мамырынан бастап Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.