Әлеумет

Қазақстанда бензин бағасы 4 есе қымбаттаған

Маусым қорытындысы бойынша Қазақстанда бензин бағасының жылдық өсімі 15,6%-ға жетті. Салыстыру үшін, 2025 жылдың маусымында бензин бағасы жылдық есеппен 4,2%-ға қымбаттаған болатын. Яғни, бағаның өсу қарқыны төрт есеге жуық жеделдеген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстанда бензин бағасының өсу қарқыны соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, маусым айында жанармай бағасы бір ай ішінде 1,1%-ға қымбаттаған. Ал жылдық көрсеткіш бойынша өсім 15,6%-ды құрады.

Бұл — соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейінгі ең үлкен өсім 2016 және 2021 жылдары тіркеліп, ол кезде бензин бағасы жылына 13,6%-ға көтерілген еді.

Соңғы бір жылда ең көп қымбаттағаны — АИ-95 бензині. Оның бағасы 17,5%-ға өскен. АИ-92 маркалы жанармай 15,2%-ға, ал АИ-98 бензині 14,1%-ға қымбаттады.

Қазақстандағы бөлшек саудада ең арзан жанармай түрі ретінде АИ-92 сақталып отыр. 2026 жылдың мамыр айында оның орташа бағасы ел бойынша литріне 236 теңгені құрады. Ірі қалалар арасында ең төмен баға Атырау (219 теңге), Орал (223 теңге) және Ақтөбеде (225 теңге) байқалды. Ал ең жоғары көрсеткіш Алматы мен Талдықорғанда тіркелді — литрі 241 теңге.

Өңірлер бойынша бензин бағасының ең жоғары өсімі Павлодар облысында байқалады. Мұнда жанармай құны бір жылда 25,1%-ға артқан. Сонымен қатар Астанада өсім 18,9%, Маңғыстау облысында 16,4%, Қызылорда облысында 16,1% болды.

Алматыда жанармай бағасы 16%-ға, Шымкентте 14,4%-ға өскен. Баға өсімі салыстырмалы түрде төмен өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (+12,4%), Батыс Қазақстан облысы (+12,6%) және Ақтөбе облысы (+13,1%) бар.

Қазіргі таңда Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты негізінен толық қамтамасыз етіп отыр. Бір жыл ішінде импорттық бензин көлемі 20,9%-ға азайып, 133,4 тоннаға дейін төмендеді. Ал ел ішінде шамамен 2 млн тоннаға жуық жанармай сатылған.

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда бензин өндірісі 2,5 млн тоннаға жетті. Сарапшылардың алдын ала болжамынша, жыл соңына дейін АИ-92 бензинінің бағасы тағы 25 теңгеге өсуі мүмкін.

Қазақстандағы жанармай бағасы көрші елдермен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұл шекара маңындағы «көлеңкелі» экспорт тәуекелін арттырады.

Орталық Азия сарапшысы Стивен Блэнд аймақтағы жанармай тапшылығы Қазақстан үшін қосымша қауіп тудырып, алдағы жылыту маусымына дайындықты күрделендіруі мүмкін екенін атап өтті.