Әлемде

Иран АҚШ-тың Кувейт, Бахрейн, Катар және Иорданиядағы базаларына соққы жасады

Иран Кувейт, Бахрейн, Катар және Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға зымыран соққыларын жасағанын мәлімдеді. Тегеран бұл әрекет АҚШ-тың Иран аумағына жасаған жаңа шабуылдарына жауап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Reuters хабарлауынша, 9 шілдеге қараған түні АҚШ Иран аумағына кезекті соққыларын жасады. Вашингтон бұл операцияның мақсаты Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғанын мәлімдеді. Бұған бұған дейін үш жүк кемесіне жасалған шабуыл себеп болған. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл әрекетті «кек қайтару» деп атап, соғысты уақытша тоқтату жөніндегі келіссөздер енді өзекті емес екенін айтты.

Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылары корпусы Иорданиядағы Азрак әуе базасына 10 баллистикалық зымыран ұшырылғанын хабарлады. Бұл базада АҚШ әскери-әуе күштерінің бөлімшелері орналасқан. Иран әскери күштері сондай-ақ Кувейт, Катар және Бахрейндегі америкалық нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді.

«Егер АҚШ агрессиясын қайталайтын болса, аймақтағы америкалық базалар нысана болып қала береді», – деп мәлімдеді Ислам революциясы сақшылары корпусы.

Иордания билігі елдің әуе қорғаныс күштері ирандық сегіз зымыранды ұстап қалғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ.

Қақтығыстың ушығуына байланысты Иран АҚШ-ты Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру үдерісін бұзды деп айыптады. Тегеранның мәліметінше, теңіздегі қозғалыс соғысқа дейінгі деңгейдің шамамен жартысына дейін қалпына келген. Алайда жаңа шабуылдардан кейін мұнай танкерлерінің өтуі қайтадан іс жүзінде тоқтаған.

Осы уақытта Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оман және Түркиядағы әріптестерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар Ормуз бұғазындағы жағдайды талқылап, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол бермеу үшін дипломатиялық арналарды пайдалануға шақырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Анкарада өткен НАТО саммиті кезінде Иранмен атысты тоқтату режимі іс жүзінде тоқтағанын мәлімдеді. Осыдан кейін америкалық әскерилер Иран аумағына жаңа соққылар сериясын бастаған.

Сонымен қатар мұнай нарығы жағдайға байланысты реакция білдірді. Жаңа шабуылдар туралы ақпарат тарағаннан кейін Brent маркалы мұнай бағасы бір доллардан астам өсіп, барреліне шамамен 79 долларға жетті.