Ресейдегі тағы бір нысанға Кемел Тоқаевтың есімі берілетін болды
Ресейдің Омбы қаласында соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь маңындағы гүлзарға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілмек, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Толығырақ
Бұл бастаманы аймақтағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясы ұсынған. Ұсыныс Омбы қалалық кеңесінде қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Аталған орынның таңдалуы тарихи оқиғамен байланысты. 1945 жылдың қысында ауыр жараланған сержант Кемел Тоқаев Омбыдағы госпитальға жеткізілген. Дәрігерлердің көмегімен ол аяғын сақтап қалып, кейін жазушы ретінде қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты.
Омбы қалалық кеңесінің мәліметінше, Кемел Тоқаев детектив жанрының қазақ әдебиетіндегі негізін қалаушылардың бірі саналады. Сондай-ақ госпиталь ғимаратында жазушыға арналған мемориалдық тақта орнатылған.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей Қорғаныс министрлігі архивінен табылған гвардия сержанты Кемел Тоқаевтың марапаттау парағын табыстаған болатын.
Сондай-ақ 2025 жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы №33 мектеп-гимназиясына Кемел Тоқаевтың есімі берілді.
Осылайша, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер, кейін қазақ әдебиетінде детектив жанрының қалыптасуына үлес қосқан жазушы Кемел Тоқаевтың есімі Қазақстаннан тыс жерлерде де ұлықталып келеді.