Жаңалықтар

Қазақстанда ең арзан баспана қай қалада екені белгілі болды

Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы тұрғын үй сатып алу және жалға алу құны ең қымбат әрі ең арзан қалаларды жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ұлттық статистика бюросының маусым айындағы деректеріне сәйкес, Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің орташа бағасы 617,5 мың теңгені құрады.

Жаңа пәтерлер ең қымбат сатылатын қала – Астана. Елордада жаңа баспананың 1 шаршы метрі орта есеппен 739 мың теңге тұрады. Екінші орында Алматы орналасқан, мұнда баға шамамен 726 мың теңгеге жеткен.

Ал жаңа тұрғын үйдің ең төмен бағасы Орал қаласында тіркелді. Бұл қалада 1 шаршы метрдің құны 327 мың теңгені құрайды. Яғни Астана мен Алматыдағы көрсеткішпен салыстырғанда екі еседен астам төмен.

Жаңа баспана бағасы қолжетімді қалалардың қатарында:

Ақтөбе – 356,4 мың теңге;

Көкшетау – 370,1 мың теңге;

Қызылорда – 392,3 мың теңге.

Қайталама нарықтағы баға

Қайталама тұрғын үй нарығында ең жоғары баға Алматыда байқалады. Мұнда ескі пәтерлердің 1 шаршы метрі 749,5 мың теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 727,3 мың теңгені құрады.

Қазақстан бойынша қайталама нарықтағы тұрғын үйдің орташа бағасы – 629,6 мың теңге.

Ең арзан екінші нарықтағы баспана Қызылорда қаласында тіркелді. Мұнда 1 шаршы метрдің бағасы 342,7 мың теңге.

Тұрғын үй құны төмен қалалардың қатарына:

Тараз – 351,6 мың теңге;

Ақтау – 360,2 мың теңге;

Ақтөбе – 369 мың теңге кірді.

Сарапшылардың айтуынша, кейбір қалаларда қайталама нарықтағы пәтерлер жаңа үйлерден қымбат. Атап айтқанда, мұндай жағдай Ақтөбе, Орал және басқа да бірқатар өңірлерде байқалады. Ал Көкшетау мен Түркістанда жаңа және ескі тұрғын үй бағасы бір-біріне жақын.

Пәтер жалдау құны

Жалдау нарығында ең қымбат қалалар – Алматы мен Астана.

Алматыда тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау құны шамамен 5,9 мың теңгені құрайды. Астанада бұл көрсеткіш 5,6 мың теңге деңгейінде.

Ал пәтер жалдау ең арзан қала – Тараз. Мұнда 1 шаршы метрдің орташа жалдау бағасы 2,5 мың теңгені құрайды.