Қоғам Құрылтай құрамында блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерін көргісі келмейді - ҚҚДИ
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу қоғамның кәсіби Парламентке сұранысы жоғары екенін көрсетті. Бұл туралы институттың басқарма төрағасы Жұлдызай Исқақова мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, қазақстандықтар Құрылтай құрамында блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерін емес, елдің өзекті мәселелерін шешуге қауқарлы, тәжірибелі және кәсіби депутаттардың болғанын қалайды.
"ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі қоғамның кәсіби Парламентке деген сұранысының жоғары екенін көрсетті. Зерттеу деректеріне сәйкес, азаматтар ең алдымен халық табысының артуын, инфляцияның бәсеңдеуін, азық-түлік пен қызмет көрсету бағасының төмендеуін күтеді. Сонымен қатар, тұрғындар сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауды маңызды деп санайды. Осылайша, қоғам кәсіби Парламенттен нақты нәтижеге бағытталған шешімдер мен тиімді заңнамалық бастамаларды күтеді", - деді Жұлдызай Исқақова.
Айта кетейік, Қазақстанда биыл алғаш рет жаңа Конституцияның нормаларына сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауы ұйымдастырылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Жарлыққа сәйкес, дауыс беру күні 2026 жылдың 23 тамызына белгіленді.
Конституциялық реформа нәтижесінде елдің заң шығару жүйесі өзгерді. Бұған дейін заң шығару қызметін Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы Парламент атқарса, енді бұл өкілеттік бір палаталы Құрылтайға беріледі.
Жаңа заң шығарушы органның негізгі міндеттеріне заңдарды қабылдау, республикалық бюджетті бекіту, Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жүргізу, сондай-ақ Конституцияда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру кіреді.
Осылайша, алдағы сайлау Қазақстанның жаңартылған мемлекеттік басқару жүйесі аясында өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы болмақ.