Жаңалықтар

Сот Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ісі бойынша шешім шығарды

Астана қаласының соты олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жаза тағайындады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Толығырақ

Сот материалдарына сәйкес, спортшы бірден үш жол-көлік оқиғасына себеп болған. Алдымен ол жерасты автотұрағының қақпа тірегіне соқтығысқан. Кейін басқа көлікпен түйісіп, соққының әсерінен Kia Sportage және Toyota Hilux автокөліктеріне соғылған.

Тергеу мәліметінше, Елеусінов жеңіл дәрежеде мас болған. Сот оны жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Спортшы өз кінәсін толық мойындаған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Данияр Елеусіновтің жол апатын жасап, оқиға орнынан кетіп қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Заңгер Жасұлан Рахымғалиевтің айтуынша, спортшы Астанадағы Достық көшесінде, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының қарсы бетінде ұсталған.

Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы және Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Кейін кәсіпқой боксқа ауысып, бірнеше жекпе-жек өткізгенімен, соңғы жылдары рингке сирек шығып жүр.