Боксшы Данияр Елеусінов ұсталды
Әлеуметтік желілерде 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтың Астанада екі бірдей жол-көлік оқиғасына себеп болып, ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда елордалық полиция департаменті жүргізушінің жеке басына қатысты бұл ақпаратты растамаған, жоққа да шығармаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Толығырақ
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, елордада бірнеше автокөлік зақымданған екі жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда полицейлер көлікті Достық көшесінде анықтап, жүргізушіні ұстады.
Көлік тізгінінде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған. Айта кетейік, әлеуметтік желілерде ұсталған адам ретінде аталған боксшы Данияр Елеусінов те 35 жаста.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер жоқ.
«Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаменті.