Әлемде

Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерге Қара теңізде дрондар шабуыл жасады

Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) терминалынан мұнай тиеген танкер Новороссийск маңындағы Қара теңізде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, танкер америкалық Chevron компаниясына тиесілі, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) терминалына жақын жерде Yasa Polaris танкеріне дрондар шабуыл жасаған. Бұл терминал арқылы Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортталады.

Әзірге танкердің қаншалықты зақымданғаны белгісіз. Түркияда тіркелген кеме 160 мың тоннаға дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы.

Chevron компаниясы оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, шабуыл өндірістік қызметке немесе мұнай экспорттау жұмысына әсер етпеген. Экипаж мүшелері аман, ал танкер қауіпсіз айлаққа бет алған.

Айта кетейік, бұл Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы тасымалдайтын танкерлерге жасалған алғашқы шабуыл емес. Биыл қаңтар айында дрондар екі танкерге шабуыл жасаған. Олардың бірі Chevron жалдаған кеме болса, екіншісі «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясына тиесілі танкер болған.