Жаңалықтар

ҰБТ-ны алмастыратын жаңа емтихан моделі әзірленіп жатыр

Астанада білім беру саласындағы тестілеу және бағалау бағытындағы әлемдік жетекші ұйымдардың бірі – ETS халықаралық ұйымының өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеу жұмысының нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Толығырақ

Қазақстанда талапкерлердің академиялық құзыреттерін кешенді бағалауға бағытталған жаңа AIT емтиханын енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Жаңа бағалау моделін әзірлеу аясында қолданыстағы бағалау жүйесіне талдау жүргізіліп, халықаралық тәжірибе зерделенді, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қажеттіліктері мен кадрлық әлеуетке баға берілді.

Презентация барысында бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері және болашақ AIT емтиханының құрылымына қойылатын бастапқы талаптар ұсынылды.

Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің тек пәндік білімін ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, білімін практикалық жағдайда қолдану қабілеттерін бағалауға бағытталған.

Жобаны жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі – тест тапсырмаларының сапасын арттыру. Осы мақсатта тапсырмалардың мазмұндық және тілдік сапасын жақсарту, әртүрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын қамтамасыз ету, бағалау рәсімдерінің объективтілігін күшейту, тапсырмалар қорын дамыту, тест нұсқаларын автоматты түрде қалыптастыру және емтихан нәтижелері бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіру көзделіп отыр.

Жаңа модельді сынақтан өткізу кезеңінде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жұмысын жалғастырады. AIT емтиханына қатысты барлық өзгерістер ғылыми зерттеулердің нәтижелері, пилоттық апробация қорытындылары, сарапшылардың ұсыныстары және академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде кезең-кезеңімен енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, ашықтық пен объективтілік қағидаттарына негізделген және талапкерлер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін ұлттық бағалау жүйесін дамыту жұмыстарын жалғастырады.