Макрон тоқтаған қонақүй маңында Дамаскіде жарылыстар болды
Сирия астанасы Дамаскінің орталығында бірнеше жарылыс болды. Оқиға Франция президенті Эмманюэль Макронның ресми сапары кезінде ол тоқтаған Four Seasons қонақүйінің маңында болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Толығырақ
Соңғы мәліметтерге сәйкес, жарылыстар салдарынан кемінде 18 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің төртеуі – полиция қызметкері.
Жарылыстар болған кезде Франция президенті Эмманюэль Макрон Сирия президенті Ахмад аш-Шараамен келіссөз өткізу үшін президент сарайына бара жатқан.
Елисей сарайының мәліметінше, Франция басшысы аман-есен және оның ресми сапарының бағдарламасына өзгеріс енгізілмеген.
Сирия билігінің хабарлауынша, Four Seasons қонақүйі маңына алдын ала қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар қойылған. Қауіпсіздік қызметі олардың бір бөлігін жарылысқа дейін анықтағанымен, саперлер құрылғыларды дер кезінде залалсыздандыра алмаған.
Оқиғадан кейін аудан толық қоршауға алынып, көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Қазір оқиға орнында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір ұйым немесе топ өз мойнына алған жоқ.
Айта кетейік, Эмманюэль Макрон – 2024 жылы Башар Асад билігі құлағаннан кейін Сирияға ресми сапармен барған Еуропалық одақ елдерінің алғашқы көшбасшысы. Сапар барысында тараптар қауіпсіздік, елді қалпына келтіру және экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылауды жоспарлаған.
Дамаскіде соңғы күндері бұл екінші ірі жарылыс болды. Өткен аптада Әділет сарайы маңындағы дәмханада болған теракт салдарынан тоғыз адам көз жұмып, тағы 20-ға жуық адам түрлі жарақат алған.