Саясат

Қырғызстан ҰҚМК төрағасының бұрынғы орынбасары және оның төрт бұрынғы қызметкері ұсталды

Қырғызстан астанасы Бішкекте Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Уранбек Шадыбеков және оның бұрынғы төрт қызметкері қамауға алынды. Тергеу мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Бұл туралы Kaktus.media басылымына сілтеме жасаған buginmedia.kz хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, 6 шілдеде күдіктілердің барлығы Әскери прокуратураға жауап беруге шақырылған. Ал 7 шілдеде олар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен кеткеннен кейін Уранбек Шадыбеков киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру орталығын басқарған.

Сол күні ҰҚК қызметкерлері Панфилов ауданының аудандық электр желілері басшысын да қолға түсірді. Тергеу дерегіне сәйкес, ол электр есептегіштерін айналып өтіп, тұтынушыларды желіге заңсыз қосу арқылы жұмыс істеген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысқан. Күдікті аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды.

Қырғызстанда арнайы қызмет өкілдеріне қатысты тұтқындаулар жыл басынан бері жалғасып келеді. Бұған дейін Бішкек соты ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевті «75 ісі» аясында төрт жылға бас бостандығынан айырып, пробациялық бақылау тағайындап, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған болатын.