Жаңалықтар

Қазақстандықтарға мемлекеттік туды балконға ілуге рұқсат берілді

Үкімет мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын жаңартты. Енді мемлекеттік туды балконға ілуге болады, ал спортшыларға оның бейнесін спорттық киімдерінде пайдалануға рұқсат етіледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жаңа қағидалар

Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енді патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті және еліміздің жетістіктеріне қолдау білдіру мақсатында пайдалануға болады.

Жаңа қағидаларға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен, сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарға іле алады.

Неге тыйым салынады?

Сонымен қатар, құжатта мемлекеттік туды пайдалануға қатысты бірқатар талаптар белгіленген. Ту ұлттық стандартқа сәйкес болуы, жерге, еденге немесе суға тимеуі тиіс. Сондай-ақ оның жыртылған, ластанған, өңі оңған немесе өзге де ақаулары болмауы қажет.

Бұдан бөлек, мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және басқа да төсеніштер ретінде қолдануға тыйым салынады.

Тағы бір жаңашылдық спортшыларға қатысты. Қаулы жобасы спорттық киім мен спорттық жабдықтарда мемлекеттік тудың бейнесін пайдалануға рұқсат береді.

Сондай-ақ құжатта мемлекеттік рәміздерді ақпараттық стендтерде, плакаттарда және ресми интернет-ресурстарда орналастыру тәртібі нақтыланған.