Алматы облысында үш салық қызметкері пара есебінде екі iPhone алған
Алматы облысында сот мемлекеттік кірістер басқармасының үш қызметкеріне үкім шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Істің мән-жайы
Алматы облысы Іле аудандық соты алдын ала сөз байласу арқылы топ болып пара алу және парақорлыққа делдал болу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы, 368-баптың 1-бөлігі).
Камералдық бақылау барысында жеке кәсіпкердің кірісін төмендету дерегі анықталып, оған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілген.
Аталған мәселені реттеу кезінде басқарма қызметкерлері өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, шоттарға бұғат қою және хабарламаны кері қайтарып алу әрекеттерін жасамау үшін кәсіпкер өкілінен 5 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы талап еткен. Кейін араға мекеменің бөлім басшысы делдал болып түсіп, тараптар келісімге келген. Нәтижесінде пара 1,5 млн теңге тұратын екі дана «iPhone 17 Pro» телефоны түрінде берілген. Лауазымды тұлғалар пара алғаннан кейін салықтық хабарламаны негізсіз түрде «орындалды» деп таныған.
Жиналған дәлелдер мен айыпталушылардың мойындау көрсетулері олардың кінәсін толық растаған.
Сот шешімі
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушылардың шын жүректен өкінуін және олардың кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Сот үкімімен басқарма басшысына — 52 млн теңге, бөлім басшысына — 52,5 млн теңге, ал делдалға — 15 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар олар өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және Ұлттық банкте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Заттай айғақ ретінде танылған телефондар мемлекет кірісіне тәркіленіп, сотталғандардан жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.